«Кітапханаға кітап сыйла! Подари библиотеке книгу!» акциясы

С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасында «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы басталды. Шара 14-ақпан халықаралық кітап сыйлау күні қарсаңында ұйымдастырылды.

Акцияның тұсаукесер рәсіміне қатысқан ПГУ профессоры, ғалым Василий Убаськин бұл күннің маңыздылығына тоқталып өтті. Сондай-ақ өзінің жеке кітап қорынан кітапханаға таңдаулы туындыларды сыйға тартты. Акцияға белсене қатысқандардың бірі белгілі журналист, Сейтахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері Фархат Әміренов. Ол акция аясында кітапханамызға 100-ге жуық өзі оқыған кітаптарын сыйға берді.

-Мен кітапты іздеп жүріп, сатып алып, оқимын. Жұмыс бабымен Алматы, Нұр-Сұлтан секілді үлкен қалаларға барсам бірден кітап дүкеніне соғамын. Осылайша үйдегі жеке кітапханама 500-ден астам кітап жиналып қалған екен. Соның бір бөлігін руханиятымыздың қарашаңырағы облыстық кітапханаға сеніп тапсыруды жөн көрдім. Осындай шара ұйымдастырған кітапхана ұжымына оқырмандар атынан зор алғыс айтамын,-деді Фархат Қайратұлы.

«Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы осы жылдың 14-наурызына дейін жалғасады.

Қадірменді оқырман! Қолыңыздағы қазынаңызды көппен бөлісіңіз! Кітапханаға кітап сыйлап, қоғамға өз пайдаңызды тигізуді ұмытпаңыз!