БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ!

Қазақ балалар әдебиеті тағы бір тың туындымен толықты. Бүгін С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың Сүлеймен Баязитов атындағы балалар оқу орталығында Қазақстанның Құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Павлодар облысының Құрметті азаматы Ғалия Құсайынқызы Балтабайдың «Sary Qyz» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Шараға Павлодар облысының білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Османова, Павлодар облыстық Жазушылар одағының төрағасы, ақын - Жарқынбек Амантайұлы, ақын-журналист, ҚР Мәдениет қайраткері Ольга Григорьева, ақын, аудармашы және балалар әдебиетшісі ретінде танымал қаламгер, қоғам белсендісі Светлана Қоңдыкерова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Арман Қани және өзге де зиялы қауым өкілдері, оқырмандар қатысты. Сондай-ақ карантиндік шектеулерге байланысты оқырмандардың көпшілігі шараға онлайн режимде атсалысты.

Жиында әдебиетшілер мен кәсіби журналистер жаңа кітап жайлы өзіндік ой-пікірлерін ортаға салды. Жиылған қауымның басым көпшілігі «Sary Qyz» кітабының оқуға жеңіл тілмен жазылғанын, балалық арман-қиялды суреттейтін бірден-бір шығарма екендігін алға тартты. Алғашқылардың бірі болып, кітапты оқып шыққан жас оқырмандар Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның 5–сынып оқушысы Елхан Айбекұлы, Милана Абайдулина мен Бақтияр Даниялов секілді жас оқырмандар қаламгердің әңгімелерін көпшілікке оқып беріп, алған әсерлерімен ортаға салды.

Облысымыздың бас ұстазы Дінислам Болатханұлы:
-Мен бұл кітапты осыдан бір ай бұрын қолыма алдым. Маған қатты әсер еткені сонша бір деммен басынан аяғына дейін оқып шықтым. Кешегіден сыр шертетін керемет туындыны әрбір оқушы оқуға тиіс деп ойлаймын. Алдағы уақытта үш тілде жазылған аталған кітапты облыстағы барлық мектептерге таратудың жолдарын қарастыратын боламыз, -деген қуантарлық жаңалығымен бөлісті.

Шара барысында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Серік Сатыбалдин аталған кітапты жан-жақты талдап, өзіндік бағасын бағасын берсе, ал Ольга Григьорева:
- Балалар әдебиеті жанрында қалам тербеу екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Бұл өз басыңнан өткен оқғаларды тізіп жазу ғана емес, сонымен қатар жарқын сәттерге тоқталу, сол арқылы оқырманды баурап алу. Мен автордың бұл кітабын оқып шыққанымда көзіме жас келген уақыттар да болды,- деген пікрін білдірді.

Ғалия Құсайынқызының бұл «Sary Qyz» кітабы - балаларға арнап жазған тұңғыш туындысы. Мұнда кішкентай Ғалияның балалық шақта өткізген оқиғалары баяндалады. Қысқа да тұшымды ойға негізделген әңгімелер оқырманды бірден баурап алады. Әр әңгіменің соңында міндетті түрде кері байланыс сұрақтары қойылған. Танымдық сұрақтардан өзге балалардың жеке ойы сұралатын сауалдар қойылған. Сөйтіп, бала кітапты оқу барысында автормен тілдесіп отырғандай күй кешеді. Әсем дизайнмен жасалып, сапалы қағазға басып шығарылған бұл кітап оқырманды өзіне бірден тартады. Жеңіл тілмен жазылған әңгімелер қай жастағы бала болмасын түсінуге ыңғайлы, қызықты оқиғаға құрылған әңгімелер алдымен қазақ кейін орыс және ағылшын тілінде қатар әрі жинақы орналастырылған.

Құрметті оқырман, аталған кітап облыстық кітапхананың Сүлеймен Баязитов атындағы балалар оқу орталығы сөрелерінде қойылғанын қуана хабарлаймыз. Сондай-ақ, кітапхананың ресми сайтында E-KITAP.KZ және QR онлайн кітапханаларында қолжетімді екендігін еске саламыз.