«Цифрлық ортадағы пайдаланушының ақпараттық мәдениетінің негіздері» тренингі

Бүгін Павлодар облысы кітапханашыларының кәсіби дағдыларын дамыту шеңберінде «Цифрлық ортадағы пайдаланушының ақпараттық мәдениетінің негіздері» тақырыбында тренинг өтті. Шараны «ТAUAN» қоғамдық қоры С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханамен бірлесіп ұйымдастырды. Сарапшы-жаттықтырушы – Баянгүл Рамазанқызы Қожахметова. Тренинг USAID қолдауымен Internews жүзеге асыратын Орталық Азиялық MediaCAMP бағдарламасы аясында дайындалды.

Іс-шараның бағдарламасы ақпараттық қоғамның қазіргі тенденцияларын ескере отырып, қатысушыларды кітапханалардағы ақпараттық қызмет сапасын арттыру үшін жаңа медиа технологияларды тиімді пайдалануға тәрбиелеу мақсатында әзірленді.

Іс-шара Zoom платформасы арқылы онлайн форматында өткізілді. Тренингке 300-ге жуық кітапханашы, оның ішінде шалғай ауыл кітапханаларының мамандары қатысты.

Тренинг бірнеше тақырыптық блоктарға бөлінді. Тренинг барысында кітапханашылар интернеттегі ақпараттың сапасын бағалау, сенімді және сенімсіз дереккөздер және ақпаратты тексеру бойынша пайдалы білім мен дағдыларға ие болды және жасанды интеллект беретін мүмкіндіктермен танысты.

Қатысушылар теориялық бөліммен қатар, Kahoot ойынын ойнай отырып, алған білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік алды. Ұйымдастырушылар жеңімпаздарды сыйлықтармен - тренинг тақырыбы бойынша пайдалы әдебиеттермен марапаттады.