Балалар кітабын оқырманға ілгерілетудің инновациялық әдістері

Балалар мен жасөспірімдерді оқуға қалай тартуға болады? Оқуды әр баланың қажеттілігіне қалай айналдыруға болады? Осы және балалар оқуына қатысты басқа да өзекті мәселелер мен сұрақтар 15 сәуір күні С.Баязитов атындағы балалар шығармашылығы орталығында «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер оқу жылы» аясында өткен «Оқырманға балалар әдебиетін ілгерілетудің инновациялық әдістері» семинар–практикумында талқыланды.

Бүгінгі кітапхана әр түрлі және жан-жақты болуы керек: онда «шулы» және «тыныш» аймақтар, ашық кеңістіктер және оқшауланған орындар ұйымдастырылуы керек. Балалар мен жасөспірімдерді кітапқа тартудың көптеген тәсілдері мен әдістері бар, бірақ қазіргі таңда күн сайын қарыштап дамып жатқан, сондай-ақ көптеген жаңашылдыққа толы өмір балаларды оқуға тартудың басқа да жаңа тәсілдерін іздеуге мәжбүр етеді.

Семинарға қатысушылар-балалар кітапханашылары жасөспірімдердің оқуға деген қызығушылығын қалыптастыру және дамыту жөніндегі жұмыстың инновациялық нысандарымен, қадамдық практикалық түсініктемелермен өз білімдерінің қорын толықтырды.

Кітапханада этно-кеңістік құрудың негізгі идеясы - тәуелсіз интерактивті шығармашылық арқылы балалардың өзінің шығу тегіне қатысты тарихқа деген қызығушылығын дамыту, адамның этникалық тегіне, ұлттық-мәдени мұраларына деген қызығушылық деңгейін арттыру. Бұл орайда «Асыл қазына» жобасы аясындағы жұмыс көмегін тигізуде.

Орталықта баланың жан-жақты дамуына, көркемдік-шығармашылық қабілеттеріне қолайлы жағдай жасалған, жіп және мата, өру әдісі, изонить, кесте және тігін фурнитурасымен (түймелер, бау) жұмыс істеудің заманауи дәстүрлі және дәстүрлі емес технологиялары пайдаланылады. Балалардың қызығушылығын ерекше арттыратын іс-әрекеттің бірі ол – құрастыру. Кітапханашылар шеберлік-сабағының негізгі техникасы болып саналатын «Құрастыру. Мүсіндеу. Аппликация» тақырыбы жайында пайдалы ұсыныстар алды.

Қазіргі балалар жаңа ақпараттық технологияларды белсенді қолданады. Облыстық кітапхананың кітапханашылары сапалы желілік өлкетану ресурстарын құру бойынша жинақталған тәжірибелерімен бөлісті. Олар өңіріміздің мәдени мұрасындағы жерлесіміздің өмірі мен қызметінің маңыздылығын көрсетуге арналған жазушы С.Баязитовке арналған веб-ресурсты құру кезеңдері туралы айтып берді.

Ауыл кітапханашылары кездесуден жағымды эмоциялар алып, көптеген қызықты және пайдалы дүниелермен танысты. Олар балалармен жұмыс тәжірибесінде жаңа формалар мен әдістерді қолдануға ниет білдірді.