«Үздік оқырман - 2022» байқауының жеңімпазы анықталды

14 желтоқсанда С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана ұйымдастыруымен 16-35 жас аралығындағы жастарға арналған «Үздік оқырман - 2022» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Байқау жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.

Байқауға жиырмадан астам оқырман қатысты. Шарт бойынша қатысушылар 2022 жылдың 1 наурызы мен 13 желтоқсаны аралығында 100 кітап оқуы, сонымен қатар облыстық кітапхананың оқырманы болуы керек еді, және оқылған кітаптар ОӘҒК қорынан болуы талап етілді.

Байқаудың қорытындысы бойынша қазылар алқасының мүшелері жеңімпазды анықтады. Бас жүлдеге Абикеева Әйгерім лайық деп танылды. Оған «Үздік оқырман - 2022» дипломы мен велосипед табысталды. Салтанатты рәсім барысында Колесникова Вероника мен Чапанова Фариза байқауға белсенді қатысқандары үшін дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қатысушыларымыздың жас мөлшері, мінезі, қызмет түрі, қызығушылықтары әр түрлі, бірақ оларды біріктіретіні – кітапқа және кітап оқуға деген махаббат, кітапханаға адалдықтары. Оларға облыстық кітапхана атынан кітаптардың сыйлық басылымдары табыс етілді.

Жеңімпаздарымызды құттықтаймыз!

Байқаудың демеушілері – «Ана тілі» орталығы» ЖШС мен «Ақжол» демократиялық партиясына алғыс айтамыз!