«Қаламгер қолтаңбасы»

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана 23 сәуір – «Халықаралық кітап және авторлық құқықты қорғау» күні аясында, жыл сайын «Оқитын Павлодар» фестивалін ұйымдастырады. Биыл да аталған фестиваль шеңберінде бірнеше әдеби, мәдени шаралар өткізілуде.

Мәселен, 22 сәуір күні облыстық кітапханада «Қаламгер қолтаңбасы» атты әдеби кездесу өтті. Оған облыстық «Найзатас» әдеби-көркем журналының жауапты хатшысы, әдебиетші, дарынды ақын, аудармашы Айбек Оралхан мен «Алтын қалам» әдеби жүлдесінің иегері, «Әріпті соттау» сатиралық кітабының авторы, сатирик ақын Алпысбай Хонж және Б.Ахметов атындағы Павлодар жоғары колледжінің студенттері қатысты.

Шара барысында қаламгерлер әдебиет тақырыбында, аймақтағы әдеби ахуал жөнінде әңгіме өрбітіп, жеке шығармашылықтары бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді. Кездесу соңында қаламгерлер авторлық кітаптарына қолтаңба қойып, жастарға сыйлады.