Кітап көрмесі: «Ер дәулеті - еңбек»

Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Қазақстандағы Еңбек күніне арналған «Ер дәулеті – еңбек» атты кітап көрмесі ашылды.

Қазақстанда Еңбек күні ел Президентінің 2013 жылғы Жарлығымен бекітілген қыркүйек айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Мереке еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыру, өнімді еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттау және еңбекші әулеттердің ежелден келе жатқан дәстүрін нығайту және еңбектің маңыздылығын жастайынан ұғындыру мақсатында ұйымдастырылған.

Еңбек күні мерекесіне орай мемлекеттік награда – «Еңбек ардагері» құрметті медалі тағайындалды. Медаль еңбек қызметінде жоғары жетістіктері және көпжылдық еңбек өтілі үшін әртүрлі кәсіптердегі ерекшеленген қызметкерлерге беріледі.

«Ер дәулеті – еңбек» кітап көрмесіне облыстық кітапхана қорындағы еңбек заңнамасы, Қазақстан Республикасындағы еңбек қатынастары туралы материалдар мен еліміздің әр өңірінен келген түрлі кәсіптер, табысты адамдар, еңбек ардагерлері туралы әңгімелейтін кітаптар ұсынылған.