«MI TREND» интеллектуалды сайысы

7 ақпан күні облыстық кітапханада алғаш рет  «MI TREND» интеллектуалды сайысы өткізілді. Әр саладан жиналған жас мамандар арасында өткізілетін сайыстың іріктеу бөлімін алғашқылардың бірі болып мәдениет саласының жастары - Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи–өлкетану мұражайы мамандарынан құралған «Жасампаздар» командасы; Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының әртістерінен құралған «Серпер» командасы; «Шаңырақ» ХШО-ның мамандарынан құралған «Шаңырақ» командасы; Павлодар қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі және облыстық арнайы кітапханасының кітапханашыларынан құралған «Шамшырақ» командасы; Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театры әртістерінен құралған «Театр ALL» командалары бастап берді. Қызықты және тартысты өткен сайыста командалар өздерінің тапқырлықтары мен білімдерін жалпы сұрақтар шегінде тоғыстыра отырып әдебиет, өнер, салт-дәстүр, әлем және тарих бағыттары бойынша берілген тапсырмалардан жүйелі ойлау қабілеттерін көрсете алды. Сондай-ақ, сайыс ерекшелігінде ұлттық киімдегі дрескод және тоғызқұмалақ ойыны қамтылды.Сайыста делебесі қозған «Шаңырақ» ХШО-ның және Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының әртістері ән шырқап берді.   5  кезеңді қамтыған іріктеу бөлімінде ПМУ профессоры Серік Елікбай (төраға), Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Әсел Ақсақова, əдеби-көркем, «Найзатас» қоғамдық-саяси журналы журналының бас редакторы Жұмабек Сманов, облыстық кітапхана басшысы Шолпан Шахметова төрелік еткен қазылар алқасының шешімімен «Шаңырақ» командасы оза шауып келесі дода бөліміне жолдама алды. Сайыс соңында командаларға алғыс хаттар және сыйлықтар табысталды. Барлық сайысқа қатысушы командаларға шынайы ілтипатымызды білдіреміз.