ЖАСТАРҒА ЖАҢА ОРТАЛЫҚТАР АШЫЛДЫ!

2022 жылдың қаңтар айында Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы кітапханаларда «ЖасStar» креативті шығармашылық орталықтары ашылды.

Аталған орталықтар жастардың білімі мен біліктілігін жетілдіруге, қоғаммен тығыз қарым-қатынаста болуға баулитын ерекше үлгідегі зияткерлік және шығармашылық орын болмақ.
Жалындаған жастардың тың идеяларын іске асыруға арналған алғашқы қадам енді осы жерден басталатын болады! Әр түрлі бағыттарда стартап құру немесе болашақ кәсіпкерлер үшін команда жасақтауға да таптырмас орын болары сөзсіз.

Бұл орталықта жастарға қатысты керектінің барлығы бар. Бастысы – еркін! Тәуелсіз елдің жастары өз-өздерін еркін сезінуге, өзара жиналып пікір алмасуға, жаңа идеяларын ортаға салып талқылауға, әр түрлі бағытта іс-шаралар өткізуге ерікті. Орталыққа келгендерге жобаға немесе түрлі шараларға, шеберлік сағаттарына қатысу міндеттелмейді. Ол келушінің өз еркінде.
Жастар қаласа бұл орталықтарда әдеби-мәдени іс-шараларды, түрлі топтық ойындарды, шеберлік сабақтарын, пікірталас ойындарын өздері ұйымдастыра алады.

«ЖасStar» орталықтары заманауи-мобильді техникамен, тегін WI-FI, үстел ойындарымен, кофемашиналармен, жұмсақ жиһаздармен, трансформер үстелдерімен және тағы да басқа заманауи құралдармен жабдықталған.