«Парасат жолы» орталығының кезекті жиыны өтті

Бүгін облыстық «Парасат жолы» орталығының кезекті жиынына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Агенттік төрағасының орынбасары Нұрлан Амангелдіұлы Шабдар қатысып, Павлодар облысының белсенді қоғамдық ұстанымы бар азаматтарымен кездесу өткізді. Қатысушылар қатарында Павлодар қаласының әкімі Иманслям Ержан Иманслямұлы, Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Бегалинова Самал Балгабайқызы және Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Баянгазин Ернар Ерболұлы, сонымен қатар, қоғам белсенділері мен зиялы қауым өкілдері болды.

ҚР Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, Жарқынбек Амантай модераторлық еткен жиында келелі ой-пікірлер, көңілге қонымды ұсыныстар айтылды. «Парасат жолы» орталығының жұмыстары талқыға салынды. Сондай-ақ, жиын барысында Баянгазин Ернар Ерболұлы Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы қызметіне тағайындалды.

Қоғамның әр саласына еніп кеткен жемқорлықпен күресуді үгіт-насихат шаралары арқылы жүзеге асыру бүгінгі күннің басты талабы. Ол үшін аузы дуалы, сөзі халыққа өтімді, ел арасында ерекше сый-құрметке лайықты азаматтардың алар орны ерекше маңызға ие. Осы себептен де, жиылған қауым әр өңірде құрылған «Парасат жолы» орталықтарының болашақта атқарар істерін нақтылап, бекітіп, «Бүгініміз бен болашағымыз жарқын болсын десек, біз ең алдымен парақорлықпен, бармақ басты көз қыстылықпен бір адамдай жұмыла күресуге тиістіміз» деген ортақ мүдде жолында қызмет жасаға уағдаласып, тарқасты.