«Сырғалым» жобасының тұсаукесері

2023 жылы 28 қарашада С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Облыстық кітапханада Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің күні» жобасы аясында Павлодар қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің (ОКЖ) күні өтті. Қалалық кітапхана кітапханашылары қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет - ғұрыптары туралы білім қалыптастыру және қазақстандық патриотизмді насихаттау мақсатын көздейтін «Сырғалым» жобасын ұсынды.

Күн бағдарламасына ұлттық тәрбие, қолданбалы өнердің қыздар тәрбиесіндегі рөлі туралы шағын баяндамалар, қазақ бас киімдерінің, ұлттық киімдерінің, зергерлік бұйымдарының және басқа да қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі, оларды жасау бойынша шеберлік сабақтары, сондай-ақ «Ұлттық киімдер шеруі» сән көрсетілімі болды.

Шараға Павлодар қалалық билер кеңесінің мүшесі, «Аталар мектебі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің басқарма мүшесі Қайыртас Нұрғалиев, Павлодар қаласының Құрметті азаматы Байкен Ильяшев, қолөнерші, Еуразия дизайнерлері одағының мүшесі, «Аламан көрпе», «Тақия фест» және «Көрпе фест» фестивальдерінің қатысушысы және жеңімпазы Ғалия Сұңғатова, қала және облыс қолөнершілері қатысты.