Елордада кітапханашылардың іскерлік кездесуі өтті

1-2 желтоқсан күндері Астана қаласында өткен «Жас кітапханашы-2022: Жаңа мүмкіндіктер уақыты» атты іскерлік кездесуге С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың қызметкерлері Айнель Мырзағалиева және Жанна Балташева, Аққулы ауданының кітапханашысы Айзада Жұмаділова қатысты. Шараны Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырды. Кездесуге 60-тан астам маман қатысты - бұл Қазақстанның әр өңірлерінен келген жас кітапханашылар.

Қатысушыларға екі күн бойы тренингтер, экскурсиялар, поэзия кеші, кітапхана директорларымен блиц-сұхбат, тимбилдинг және басқа да іс-шараларға ұсынылды. Іскерлік кездесуде еліміздің барлық өңірінен келген мамандар пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті. Ашық диалог алаңында олар мобилография, подкастинг негіздері, SMM технологияларымен танысты.

Kahoot платформасында қорытынды тестілеудің нәтижесі бойынша кітапханашыларымыз 1 және 2 орындарды жеңіп алды.

Кездесуде жас мамандар TEDx форматында өз кейстерін ұсынып, жұмыстары туралы әңгімеледі. «Жыл таңдау – 2022» байқауында «Жас кітапханашы-2022» номинациясы бойынша Павлодар облысы Аққулы ауданының кітапханашысы Айзада Жұмаділова үздік атанды. Қатысушылар сертификаттармен марапатталды.

Сондай-ақ қатысушылар үшін Назарбаев Университетінің ғылыми кітапханасына кәсіби экскурсия ұйымдастырылды.

Іс-шараның ұйымдастырушылары мен серіктестеріне еліміздің әр өңірлерінен келген кітапханашыларымен танысу, тәжірибе алмасу, жаңа идеяларды іздеуге мүмкіндік бергені үшін алғысымызды білдіреміз.