Қыз Данайдың қырғыны

Жазушы Нұрлан Қамидың бұл жинағына автордың өзі туып-өскен ортасы, еліміздің батыс өлкесіндегі Жылыой өңіріне қатысты хикаяттар енгізілген. Осыдан екі ғасырдай уақыт бұрын өмір сүріп, атақ-даңқы алты алашқа жайылған әйгілі батыр мен ақылына көркі сай айтулы арудың арасындағы жан тебірентерлік махаббат, қос ғашықтың аз ғана күндік қызығын көре алмай, елден қуған ағайынның қатігездігінің астарында жатқан қат-қабат сырлар, халқымыздың сол кезге тән дүниетанымы мен салт-дәстүрінің кейбір қырлары мейлінше шынайы суреттеледі. Қаршадайынан тағдырдың тепкісіне түсіп, жасы сексеннен асқанша қиындықтан көз ашпай, бар өмірі қиналыспен өткеніне қарамастан жан тазалығына кіршік түсірмей, өзгелерге деген ыстық ықыласы суымаған қарапайым қарияның ғұмыр жолымен танысып, жүрек түкпіріне жасырған кұпиясына қанығамыз. Сондай-ақ қиын-қыстау кезеңде жекелеген адамдардың арасындағы бас араздық түгіл өзге ұлттардың астамшылығын да ұмытып, ортак жауға иін тіресіп бірлесе қарсы шабуға дайын тұратын халқымыздың кеңпейілдігі мен мәрттігіне куә боламыз. Кітаптың тілі көркем, оқиғалары тартымды, кейіпкерлері дараланған, әдебиетсүйер қауымға берері мол.